Санатталмаған

«Гүлдер әлемі» гүлдер фестивалі

Ақтөбе қаласында «Гүлдер әлемі» гүлдер фестивалі өтті.
16 қыркүйек Абай даңғылы бойындағы гүлзар жұпар иісті әдемі гүлдермен көмкеріліп тұр. Мұнда ұйымдастырылған “Гүлдер әлемі” фестиваліне кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оқу орындарының, бала-бақшадардың, мектептен тыс ұйымдардың ұжымдары, гүл өсіруші тұрғындар қатыса алды. Ерекше шараға қатысуға барлығы 156 өтініш түскен.
Ақтөбе облысының 90 жылдық мерейтойын насихаттау мақсатында өткен фестивальдің ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, мұндай тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі өткізу керектігін баса айтты.
“Табиғатты аялауға, қоршаған ортаның көркемдігін көруге баулитын осындай шараларды тұрғындардың қатысуымен кең көлемде өткізіп тұру керек. Гүл өсірумен, көгалдандырумен айналысатын мамандарды тарту арқылы қаланы абаттанлыруға, өзіндік сәндік сәулетін қалыптастыруға тырысуымыз керек”, – деп тапсырды облыс әкімі.
Қаладағы танымал гүл салондары ғана емес, бау-бақша баптайтын бағбандарды да ұмыт қалдырмаған фестиваль соңында ең үздік гүл өсірушілер 9 номинация бойынша марапатталды. Қала тұрғындарды көрме-жәрмеңкеден көңілі қалаған гүлдерді, шәй мен балдың түрлі сұрыптарын, көпжылдық көшеттер, басқа да бақша өнімдерін сатып ала алды. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.